01.05.2014

Сіз берген бес-он тиын

   Ақша тиыннан құралады.

 Рамазан таңы.     
     Оңы мен солын айырар жасқа жетіп қалған, жалбыр шаш бүлдіршін қыз кешегі қатарлас құрбыларына ұтылып қалған шәшкәсін түн баласы уайымдап, түс көріп шықты. Бүгін қалайда шәшкілерін кері қайтару үшін таңды әрең болғызып еді. Әдеттегідей шешесі құйып берген айранға шекерді молынан салып, нан турап жеп алды да, көшеге қарай зып берді.

     "Аллоооһу акбар!" деп азан шақырған дауысы ғана болмаса, өзі аса көрінбейтін қала сыртынан арыда орналасқан мешіт бар-тын. Мешіт деген аты болмаса әлгі жалбыр шаш қыздың үйінен айырмашылығы шамалы, тек маңдайшасында "Пәленше мешіті" деген жазуы ғана бар. Қазақ-орысы аралас көше құрбыларынан бүгін тағы жеңіліп қалып, салы суға кеткен бүлдіршін қатарластарын соңынан шұбыртып шәшкі іздеуге шықты. Шәшкі* дегені - сыраның, арақ-шараптың қалпақтарын жерге қойып, үстінен таспен ұрып жалпайтып алған кәдімгі шәшкілер. Кейде оны теп-тегіс етіп алу үшін қала сыртындағы пойыз жолдарға барып, рельс үстіне қойып қояды да, пойыздың жүріп өткенін күтеді. Оңайлықпен табыла қоймаған шәшкілер балаларды қаланың сыртына шығуға мәжбүр еткен. 
     Қасиетті рамазан айында мешіт алдынан келімді-кетімді жұрттың қарасы үзілген емес. Бүгін жұма күні болғандықтан, адам деген тіпті көп. Ол кезде садақаға тастайтын, тиын-тебен сыятын тесігі бар қорапша деген ұғым болмаған ба, әлде сол кездегі үлкендердің оған миы жетпеген бе белгісіз. Әйтеуір садақа тастайтын ыдыстары кәдімгі шыны ыдыс болған. Аузы кеңдеу, сыртынан ішіндегісінің бәрі көрініп тұратын.  Бір қызығы, садақаға тастайтын ақшаның да белгілі бір мөлшері деген болушы еді. Мысалы, тап сол кездерде садақаға тасталатын ақша адам басына 65 теңге болған. Ол кезде бір теңгенің құны бар заман еді ғой.
     Ойын іздеп жүрсе де, көздері ешнәрсені қалт жібермейтін балалар кенет мынадай қызыққа тап болды. Мешітке көлікпен келген, киім киісінен бақуат екені білінетін бір "ағай" кәдімгі жүз теңгелік қағаз ашқаны әмиянынан суырып алды да, көпшілікке көрсете садақа тасталатын шыны ыдысқа тастады... тастады да, бес-он теңгелік тиындардың арасынан, қалған 35 теңгені санап алып "қалғанын алдым, көрдіңдер ме?" деген белгімен қолын жоғары көреріп, бәріне көрсетіп, жан қалтасына салып алды. 

     Осы жерден лента үзіледі. Әлгі жалбыр шашы - өзім, әрине. "Мешіт, садақа" дегенді естіген сайын осы бір көрініс көз алдымнан әлгі күнге еміс-еміс лента боп өтіп тұрады, ұмытылған емес. Неге екенін, мен мешітке барып көрген емеспін, тіпті дәріс алуға да. Бірақ, "Садақаға берілген тиын-тебендер қайда жұмсалады? Мешіт қызметкерлеріне (имам, молда) өкімет ақша төлей ме, төлемесе олар қалай отбасын асырайды?" деген сауалдар елеусіз болса да көкейімде тұратын. "Неге мешітке барып, осы сауалдардың жауабын өз құлағыммен естімеске?" деген ой келді. 
     

   Бұл Леңгірдегі жаңа "Нұр" мешіті.  Имам мешітте ертеден қара кешке дейін жүреді деп ойлаушы едім, бекер екен. Құдайы оқу, жаназа шығару, неке қию сынды шақыртулардан босамайтын көрінеді. Мен мешітке келгенде имамды да, найб имамды да (орынбасары деп қарапайым тілмен түсіндірді) жолықтыра алмадым. Қысқасы, имам орынбасарымен ертеңіне бесін намазынан кейін тілдесуге мүмкіндік алдым. Өзін Н. деп таныстырған имам сұрақтарыма жауап бермес бұрын сөз басын кішкене уағыздармен көркемдеп өтті:
- "Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз: «Садақа Алланың азабын сөндіреді және қайғылы қазадан қорғайды», -деген. Сондықтан, ислам діні бай адамдардың жүрегінде кембағал, бейшараларға, мұқтаждарға деген жанашырлықты енгізу, қоғамдағы азаматтардың арасында қарым-қатынасты күшейту үшін, олардың бір-біріне бауыр басулары үшін садақа жасауды амалға асырған."
Мешіт қызметкерлеріне өкімет ақша төлемейді. Жалпы мешітке көмекті, садақаны демеушілер береді. Бізде демеуші "көрінетін демеуші", "көрінбейтін демеуші" болып екіге бөлінеді. Көрінетін демеуші дегеніміз - компания, фирма, бизнесмендер, т.б.ұсынған ірі көлемді сома. Мысалы, біздің көрінетін демеушіміз "Бейбарыс ЖШС". Қайырымдылық жасау үшін бізге белгілі бір мөлшердегі қаражат ұсынылса, біз ол қаражатты көмек көрсетуге тиісті орындарға жұмсаймыз және ол үшін акт толтырылады. 


"Көрінбейтін демеуші" - күнделікті мешітке Алла алдындағы парызын өтеуге келген жұрттың садақа деп тастаған ақшасынан жиналған сома. Ай сайын жиналған қаражатты алып, үшке бөлеміз. Оның бірінші бөлігін біз мешітке жаратамыз. Мешітке интернет тартылған, (сайттың атын сұрамаппын) арнайы сайтымызға келген сұрақтарға жауап беру үшін, тағысын тағы. Одан бөлек коммуналдық төлемдер, майда-шүйде істердің ақысы. Екінші бөлігін салыққа төлейміз. Үшінші бөлігі жетім-жесірлерге, жағдайы нашар отбасыларға жұмсалады. Осы үш бөліктен ақша артылған жағдайда мешіт қызметкерлері өзара бөліседі, артылмайтын кездер де болып тұрады.
- Жағдайы төмен отбасыларды өздеріңіз іздеп табасыздар ма?
- Жоқ. Көбіне мешітке өздері көмек сұрап келеді немесе жағдайы нашар отбасының барын мешітке келген намазхандар хабардар етеді. Олады біз арнайы тізімге жазып алып отырамыз. 
- Жағдайы төмен отбасылар мен жетім-жесірлерге көмекті ақшалай ұсынасыздар ма?
- Жоқ, бір қап ұн, май, картоп-пияз т.б сол секілді азық-түлік ретінде.
- Сіздерде де отбасы, бала-шаға бар дегендей...
- Алдыңғы сөзімде садақадан артылған ақша мешіт қызметкерлеріне бөлінетінін айттым, одан бөлек құдайы оқытатындар, неке қию үшін алдын ала тізімге жазылатындар бар.
- Олармен белгілі бір мөлшерде ақша ұсынасың деп келісімге келіп аласыздар ма?
- Жоқ, ешқандай келісім болмайды. Өздері ұсынады, ұсынбаса реніш жоқ.
- Үлкен рахмет!

     Мұнан кейін мені христиан дініндегі "пітір-садақалар" қызықтырды. Шіркеуге бардым. Леңгірде зәулім етіп салынған шіркеу жоқ, баяғы бала кездегі мен көрген мешіт секілді бір үйді шіркеу етіп алған. Шіркеу жабық екен, сырты қоршалғандықтан мен тым болмаса сыртын да суретке түсіре алмадым. 
Айналамызда қазақтан орыстар көп еді. Маған олар шірекуге баратын - шіркеуге бармайтын болып екіге бөлінетін сияқты көрінетін. Расында, шіркеуге баратындар мәдениетті, боғауыздан ада, ішпейді, шекпейді, қыздары кіндігін көрсетпейді, сондай бір тап-таза жандар. Ал шіркеуге бармайтындар ішіп алып, анадайда домалап жатады, қыздары тым ашық-шашық киінеді, темекінің түбін түсіреді. "Шіркеуге баратын" өзім танитын мәдениетті орыстардың бір-екеуінен сұрастырдым. Былай екен: Олар шіркеуге тек жексенбі күні жиналады екен. Таңғы 10-11 шамасында бала-шағасымен барып 1-2 сағат болып қайтады. Аллаға мінәжат етіп болған соң, поптары уағыз айтады екен. Жаман жолмен жүрмеу, ішпеу, шекпеу, адамдарға жақсылық жасау, бір-біріне көмек беру, ашуланбау тағысын тағы. Жақсылық туралы өлеңдері бар екен, соларды балаларға жаттатқызады, одан кейін хор секілді айтқызады екен. Әркім шама-шарқынша тиын-тебен қорабына ақша тастап кетеді. Ал одан жианалған ақшаны шіркеуге баратын бала-шаға, немерелеріне лагерге жолдама алып береді. Одан бөлек мектепке керек-жарақтарын түгендеп береді. Ал "жағдайы төмен отбасыларына көмек бере ме?" деген сұрағыма, "Бізде жағдайы төмен отбасылар жоқ немесе тым аз" деді. Мысалы, бір отбасының үйіне көмек керек болса шіркеуден көмек сұрайды екен де, олар ақша бөліп, шіркеуге келетіндер өзара келісіп, бір күнде барып асарлатып қайтады екен. Шіркеу қызметшісінің қайда тұратынын сұрадым. Сілтеді. Бірақ ол қазір үйінде емес екенін айтты. Ол мемлекеттік мекемеде қызмет жасайды. Ерте кетіп, кеш келеді. Сондықтан демалыс күндері ғана шіркеуге жиналатын болса керек. Ал поптың әйелі арнайы балалар мектебінде завуч екен.

_______________________________________________________________________________
Шәшкә - сыра-арақ қалпақтарын бәс етіп тігіп,  қолдың сыртына төсеп, оны әуеге лақтырып кеп жылдам қағып алу ойыны. Кейде қол үстіне (алақанға емес) екі немесе үш қатар етіп қойып, кезекпе кезек қағып алу керек болады. 

3 комментария :

  1. Тамаша... бірақ аяқталмаған секілді әсер алдым..

    ОтветитьУдалить
  2. Керемет, Көркемтай!!!
    Шымкентте Д.Қонаев атындағы мешіттің жанында киімдер тегін таратылатын дүкен бар екен. Қажетсіз, кішірейген киімдерді босқа тастамай сондай өткізсеңіз, жағдайы төмен жандар өздері келіп алып кетеді екен. Ұнап қалды.

    ОтветитьУдалить
  3. кеше ұлыммен мешітке барып садақа бердік. садақаның логикасын түсіндірдім. өскесін көп ақшам болғанда мен де жақсы тамақ ішкісі келетіндерге, жақсы киім алғысы келетіндерге ақша беремін, сосын Алла маған тағы да ақша береді дейді

    ОтветитьУдалить