Бір аптада екі мейрамның қатар келуі бәсекелестеріме қалай әсер етіп жатқанын қайдам, өзіме қолбайлау болған секілді. Жоспарлап көрсем, блогиада үшін бір ғана күнім бос екен. Басыма сұмдық идеялар келіп-кетіп жатыр-ау, уақыт шіркінді жеткізе алсамшы. Боза туралы жазам деп шештім.
Көзді жұмып, тәуекелге бел будым да, бозаны іздеп, самауырдың шәйін ішетін ауылға тартып отырдым.
Момынай деген ауыл Ленгерге жақын орналасқан ауылдардың бірі. Күніне осы бір ғана автобус, белгілі бір уақытта 3-4 мәрте қатынайды. Шамамен, 30 минутта жетіп қаласыз, бағасы - 60 теңге.
Ауыл өмірі ешқайсысыңызға таңсық емес болар? Ауылда үйіңіздің жанындағы көршіңізге бару үшін есіктен шығып, бір бес минуттай жүріп барып жетесіз. Сондықтан шығар, олардың үйлерінің арасында шарбақ деген болмайды, есіктен кірмей-ақ ашық шарбақтан келесі үйге кіріп-шығып жүре бересіз. Міне, мен ауылға келдім:
Бұл ауылда шешемнің сіңлісі тұрады. Сол кісіні жағалап келген түрім бұл. Оның үстіне жездеммен әзіліміз керемет жарасушы еді, о кісі үйде болса "атқа мінем" деген есек дәмем де жоқ емес. Енді ше, атқа өмірмде мініп көрмегенмін, жылқы жылында тым болмаса осы бір арманым орындала қойса дегем.
Ауылда дарбазасы бар үй сирек, әпкемнің үйі шыбықпен қоршалған. Есігі де кәдімге ағаш, арасынан өтіп кете берсең болады. Бір ғана минусы - есік аузында нән ит байлаулы тұрады. Ал енді үйге беймарал кіріп көр. Үй мен шарбақтың арасы ат шаптырым жер, өңешің жыртылғанша айғайласаң естімейді. Обалы не керек, бөлелерімді кезек-кезек атап, жарты сағат тұрған шығармын.
Эх, ауылда бәрі бар деп дәметіп келсем, дым жоқ. Сиыр өріске кеткен, биелер тауда, боза ашытатын ешкім жоқ. Оның үстіне, мынадай ми қайнатар ыстықта бәрі малдарын өріске жіберіп қойып, терезелерін қымтанып, есіктерін жауып алған. Жым-жырт. Ешкім жоқ.
Шәйланып болған соң, әпкемді ертіп алып көрші үйге тарттық, олар бие сауушы еді. Боза жоқ, қымыз жазайын енді. Ауылда қай үйге барсаң да, жаулығы желбіреген, мейірімді жеңгелер шығады. Ол үйден дәм ауыз тиіп, шәй ішпейінше мақсатың тағы орындалмайды.
Қымыз демекші, биені әр екі сағат сайын сауу керек екенін білетін боларсыз? Күніне шамамен 9-10 мәрте сауылған бие сүтін күбіге құйып отырады, сөйтеді де оның үстінен ашыған қымыздың бір литрін қосады. Ал, енді ары-бері өткен сайын күбіні пісесің де отырасың, пісесің де отырасың. Қымыз дайын!
Бие саууға әлі бір сағат уақыт бар екен, сауып көрем деген ойым желге ұшты. Бие тауда екен, ал анадай жерде жайылып жүрген бие дегенім асау ат болып шықты. Жанына жуытпайтын көрінеді. Міне, асау:
- Жаным, маған қарашы?
- Ау?
Күнге күйе жүріп, 5 минуттық жерде орналасқан келесі көрші үйге тарттық. Ашық тұрған шарбақтан күбі көзіме оттай басылды.
Піскен айран ғой! Піскен айран - ашыған айранды күбіге пісіп, майы алынған сусын. Піскен айранды орыстар пахта деп атайды.
Біз де сиыр ұстайтынбыз, сол кезде піскен айран біздің ғана үйде болушы еді. Сиырды таңертең бір, кешкісін бір сауады. Содан жиналған сүттен сүтшәйға деп кішкене алып қояды да, қалғанын пісіріп, айран етіп ұйытамыз. Айран ұйыту үшін, жылы сүтті алюминий ыдысқа құйып, 3-4 ас қасық айран қосасыз. Бетін қымтап жауып, жылы сүлгімен орап тастайсыз да, төрт сағатқа қалдырасыз. Дүкендегі айранмен айырмашылығы жер мен көктей қоп-қою айран дайын болады. Қалағаныңызша айраннан ішіп боған соң, қалған айран ашиды. Сол ашыған айрандарды жинай береміз. 10 литрдей болған кезде, күбіге құйып, 4 сағат бойы пісесіз. Күбі пісе білу де - өнер.
Күбі пісуге оңтайлап жасалынған піспегі:
Төрт сағаттан кейін, бетіне майы қалқып шыға келеді:
Майды сүзіп аласыз да, сумен жақсылап жуып, дәміне қарай тұздайсыз, тоңазу үшін салқын жерге (мұздатқышқа) қойып қоясыз. Ох, қолдың майын жеген де арманда, жемеген де арманда.

Біз қолдағы малды сатқанда мен тоғызыншы сынып оқушысы екенмін. Сиырымыз сатылғалы, піскен айранды ұмыттық. Ауылдағы көрші жеңгей піскен айран құйып берді.
Сімірдім. Сол балалықтың еншісінде қалған керемет дәм. Ұмытпаппын. Есептеп көрдім, піскен айран ішпегеніме туп-тура он жыл болыпты.
Піскен айран да ашиды, әрине. Ашығанда енді дәмі қышқыл болып кетеді. Ішілмей бекер қалып жатқан піскен айранды, дорбаға құйып, құрт жасап аласыз:
Айтпақшы, айраннан тағы шалап жасауға болады. Шалап - күн өтіп, суға зар боп келгенде ұсынылады, әсіресе күн астында жұмыс істеп жатқандар үшін таптырмайтын сусын. Дайындалуы да оп-оңай, піскен айран секілді қолжетімсіз емес. Бір литр айранға жарты литр су құясыз да жақсылап шайқайсыз. Шалап дайын. Тек шөлдегенде ішу міндетті емес, сол шалапқа дәміне қарай тұз салып, араластырып ішсеңіз, мейіріміңіз қанар еді.
Жоспарым орындалғанына мәзбін. Енді атқа отырсам. Бақшасында ат жайылып жүрген келесі бір үйге аяңдадық. Жәй ғана лай кірпішпен өріп, төбесін жапқан, сырты құмдалмаған үй. Терезе орнатып, оны қымтап жауып алған. Көк түспен сырланған, сықырлауық есікті ашып, әпкем:
- Әй, қатыыын! - дегені. Екі көзім атыздай болды, атына мінгізбей қояды ғой! Есіктен шашы дуда-дуда боп көрші келіншек шықты. Мәз. Сөйтсем, ауылдағы келіншектер осылай әзілдесе береді екен ғой. Мамама кеп, сөй деді ғой, өздері тағы ыржиып, мәз десем, ауылға барсаң мұны күнде естисің дейді))
Естелікке суретке түстік.
Атқа міндім!
Міндім деген аты болмаса, көсіліп бір шаппадым. Суретке түсу ғой сол біздікі:
Шәйланып, енді қайтуға әрекет жасайын дедім. Әпкем үйінің екі бірдей ерлі-зайыпты мысығы бар. Түнеугүні балалаған екен. Марғауларын кішкентай бөлелерім сиыр сүтімен сусындатады. (суреттерді үстінен басу арқылы үлкейтіп көре аласыз)


Әпкем құйып берген сүтті арқалап, шықтым жолға. Кетіп бара жатып, әлгі піскен айыран ішкен үйдің алдынан жеңгейді көрдім, маған деп гүл жинап қойыпты.

Оны қоя беріңіз, бақандай 4 литр піскен айран құйып берді, қалай еміренбейсің?
Ай, жеңгелер, жеңгелер,
Су бер десем бал берер...
деп әндеткім келіп кетті. )) Рахмет, Алла разы болсын!
Ауылдың осынау бір ғажап өмірін қимай мен автобусқа қарай аяңдап кетіп бара жаттым.
Ауылдан тіке қалаға тарттым, Динар Нахыпбектен Жандос Құссайынға кітап беріп жіберуім керек еді. Заттарымды сіңліме ұстатып, өзім ауылдың күніне күйіп, шаңдалған күйімде қалаға өттім. Үлгермей қалуым мүмкін еді. Құдайға шүкір, бір күнде екі емес бірнеше қоянды бір оқпен атып кеп, салқын суды құйынып алып, маужырап ұйқыға кеттім.
Ал таңертең түк болмаған, жәй ғана шытырман түс көріп оянғандай болдым.
Қызыққа толы бір күніме суреттер ғана кәу болғандай...
Пы/сы: Бүгін Жеңіс күні, баршаңызды мерекемен құттықтаймын! Ал өзім тағы асарлатуға ағам үйіне кеттім, бүгін қыз жақта ұзату, ертең беташар)))















тамаша, әсіресе "Махаббат, қыз һәм лоһ тұлпар" тамаша жазылған
ОтветитьУдалить:v бар бол!
Удалить