16.05.2014

Жүргенге жөргем ілігеді

     Кішкене кезімде шешемнен гөрі әкеме жақын едім. Әкем көлігінің о жақ, бұ жағын шұқып жүргенде үнемі қасында темір-терсегін әперіп, көмектесіп жүруші едім, солай бола тұрса да көлік жайлы ұққаным шамалы екен. "Жүргенге жөргем ілігеді, жатқанға жан жуымайды" деген мақал бар, қанжығам майланып қалар деп көшеде келе жатып, мына бір мотоциклге тап болдым:


     Біз бала кезде әкемнің осындай люлькасы бар мотоциклі болушы еді. Әкемнің жүрегі соншалықты түкті болар ма, қыр басынан сол люлькасымен қоса атылып түсетін де, жерге "гүрс!" етсізіп, ары қарай айдап кете беретін.
Мотоцикл иелерінен бір пайдалы бірдеңе табармын ба деп ем, асығыс екен, кетті де қалды.

Құдай бетін ары қылсын, өртеніп жатқан жерді көрген емеспін. Ой тұңғиығына батып келе жатып өрт сөндіру бөлімінің алдына да келіп қалғанымды байқамаппын. Өрт шыққан хабарды жеткізген дабыр-дұбыр дыбыстан кейін, іле шала дайын тұрған өрт сөндіру көлігі асығыс оталған күйі зымырап кетіп бара жатты:


     Өрт сөндіру көлігіне ілесіп бара жатқан полиция көлігінің кішкене аялдағанын пайдаланып сұрап үлгердім, жоғарыда бір үй сарайы өртенсе керек. Оқиға орнына барғым келетінін айтам дегенше болмады. 
Тағы біраз сандалып болып, салым суға кетіп келе жатқанмын. Әлгі өрт сөндіру көлігі алдымнан шықты. Өртті сәтті сөндіріп, көңілдері жәй боп келеді екен. Мен өтіп бара жатқан жерде люк канализациясы бар еді, дәл сол жерге кеп тоқтай қалды. Сөйтсем олар қаланың кез келген жерінде орналасқан люк канализациясынан су алады екен:


     Мен оларға мән-жайды түсіндіре келе, оқиға орнын көргім келетінін айттым. "Бүгінше осы соңы", -  дейді олар - "телефон нөміріңізді бөлімге барып қалдырыңыз, ертең дабыл түсе сала сізге қоңырау шалатын болады"
- Сонда сіздерге күніне қанша рет өрт шыққаны туралы дабыл түседі?
- Бес-алты рет...
- Құдайдың құтты күні бес-алты жер өртене ме?
- Құдайдың құтты күні!

Ертең сенбі ғой, қайдағы! Кешегі күнге дейін толастамай соққан желге лағнетімді айтып, мен қалаға тарттым. Пойыз жолды жағалап қайтпақпын.


     Қаланың жет жағында "Фосфор" деген жерде орналасқан бұл мекеме вагондарды тазарумен, кем-кетігін жөндеумен айналысатын болып шықты (ДЕПО). Цистерналы вагондармен мұнай, бензин, май, т.б., тасымалдайды екен. 


     Әлгі сіз көлігіңізге жанармай құйып алатын бекетке де бензинді осылар жеткізетін болса керек. Бір вагон шамамен 60 тонна құрайды. Түнеугүні Шымкент сыртында (әлде ішінде?) осындай цистерналы вагонды пойыздың апатқа ұшырағанын естігенбіз.  Содан болар, мені тепловозға жақындатпай әуре.  Әлгінде ген.директорларына жолығып, мен рұқсат алып алғанмын. Мен де қайтпайм.


     Міне, мынау локомативті тепловоз. Босаған, жуылатын цистерналы вагондарды бір бөлек, тазарғандарын бір бөлек жинаумен айналысады. Машинисттің айтуынша алыпкел-шауыпкел көлігі. Тепловозды машинист және оның көмекшісі екеуі жүргізеді, локоматив мен ойлағандай көмірмен емес дизельмен жүреді екен. Сондай-ақ, әр вагонды қосып, һәм ажыратумен айналысатын үшінші составитель деген жұмысшылары және бар:


     Олар бір бірімен рация арқылы байланысады. Составитель әр вагонды қосып-ажыратып, башмак орнатып, бір рельстен екінші рельске бағыт бұрып отырады:



     Бәрінен де мені қызықтырған тепловоздың іші, қозғалысты қалай жүзеге асыратындығы. Машинисттермен қалайда тілдескім келетінін айта жүріп, мен міндім ақыры локомативке. Бірақ іштегі машинист рұқсат қағазымның жоқтығын айтып, суретке түсіртпеді. Локоматив ішінің үштен бір бөлігі ғана машинисттерге арналған, екі адам арасына үшінші адам қосылса айнала алмай қалатындай ғана жер екен.  кәдімгідей руль, көп пернелі айдау машинасы іспеттес. Ал қалған бөлігіне тұтастай мотор орналасқан. Қасымдағы ген.директор ілестіріп жіберген көмекшім заржақ сондай,  мен бірнарсеге ұрынып қалардай әуре. Қасымнан қалмай қақсап келеді:
- Білемісің, локоматив деген саған ойыншық емес. Көріп тұрсың ғой алпыс тонналы тепловоз жарылса бітті дей бер. Біііііір пластмассадан жасалған нарсе жоқ, бәрі металл. Басыңа кішкентай темір түсіп кетсе өлесің де қаласың бла-бла-блааа...


     Осылай жуылған цистерналадры ұзыннан ұзақ жинап алды да, тепловоз гүрілдеген күйі ұзай берді. Айтпақшы, тепловоздың іші мен вагондардан ауыр майдың иісі шығады, машинисттер үйреніп қалған болар бәлкім. Ал менің басым көпке дейін ап-ауыр боп ауырды да тұрды. Отбасы, бала-шаға қамы үшін сондай ауыртпалықты көтеріп жүргеніне жаның ашиды-ақ, бірақ оларға сол сасыған май иісі ұнайтындай. 

Қызық оқиға:
     Бір кездері бірге істеген досым бар еді, бар еркелігімді көтеретін. Әке-шешемді де таниды, үйге кеп арқа-жарқа боп шәй ішіп те кете беретін әпенді-тін. Сол досыма ылғи "машина айдауды үйрет!" деп жалынатынмын да жүретінмін. Бір күні  сабақтан келсем "тез шық!" деп аяқ астынан келе қалды. Апыл-ғұпыл мен де шыға қалдым, "жүр мәшине үйретем"! 
Ленгірдің сыртына келгенде орнымызды алмастырдық, рөлге отырдым. Машина автомат еді. 
- Кілтті бұра - деді де, өзі жантайып ұйықтаған болды да қалды. Әпенді-ай!
Асфальт үсті, еш жан жоқ. Анда-санда "тормызды бас, газды бас" деп қойып ол отыр. Сыр бермей мен отырмын. Біраз жүргеннен кейін алдымыздан машина шықты. Рульдің бір шетінен ұстап алды да, "қорықпа, жүре бер" деп ымдады. Жақындағанда "тормызды бас!" деді, ал мен... газды басыппын. Рульді мен мына жақа ол ана жақа бұрамыз деп жол жетіне шығып кеттік де екі-үш секіріп барып бір бағананың (столба?) дәл алдына барып тоқтадық, ол кілтті сөндіріп үлгерген екен. Машина іші шаң, адреналин боп біз отырмыз... Машинасының бір жерін сындырып қойдым, бірақ ол зәредей де ұрысқан жоқ))) Осы оқиғадан кейін мен біразға дейін шошынып жүрдім. Бірақ, машина айдаймын деген қызығушылығымды өшіре алмады.

Неге екенін, "Көлік" тақырыбы берілгенде көз алдымнан осы оқиға ғана көлбеңдей берді. Қыз балалар енді, әлгі "капот, инжектор" дегендеріңізді қайдан ұқсын?  ))

Пы/сы: Суреттерді рұқсатсыз пайдалануға тыйым салынады.

Комментариев нет :

Отправить комментарий