06.06.2014

Нуга Бест немесе тәні саудың - жаны сау

   Қасында үнемі ертіп жүретін адамы бар зағип ағайды Ленгерден жиі көріп тұратынмын. Көзіне қара түсті көзәйнек тағып алып, қолына арнайы таяқшасын алып жүретін ол мүлде жалғыз жүрмеуші еді. Түнеугүні тағы көрдім. Бұл жолы жалғыз екен. Тастақ жерден сүрініп қала жаздап кетіп жатқан оны демеп алдым да, сұрадым:
- Ағасы, қайда барасыз?
- Бұрынғы тренажер залға, массажға барамын.
- Жүріңіз, алып барып тастайын.
Бұрынғы жүрісіне қарағанда ширақ, бұрылатын жерден менің көмегімсіз де біліп, нық басып барады. Себебін де кейін білдім.

   Бұрынғы тренажер залды жалға алған "Нуга Бест" компаниясы жайлы жиі естіп, массаж кереуеттеріне тегін массажға шақырту да алғанмын. Қазақы әдетке басып, бармас бұрын "білетіндерден" сұрағанымда бармайтындай жауап естігенмін. Содан шығар, жылы жауып қоя салғам. Қызығушылығым бар болса да, тым болмаса интернет беттерінен де қарап көрмеппін.


   Сонымен, өзін Шерметова Машхура деп таныстырған кеңесші апай сұқбат беруге келісті.

- Массаж кереуеті туралы естіп те, көріп те жүрміз. Бұл құрылғының шығу тарихы қандай, жалпы қай елден әкелінген?

- Компания Нуга Бест была основана в 2002 году в Южной Корее...

- Кешіріңіз, қазақша жауап берсеңіз екен?

- Нуу...  Оңтүстік Кореялық "Нуга Бест" компаниясы шығарған бұл құрылғы осыдан жеті жыл бұрын қолдануға берілген. 2002 жылы құрылған "Нуга Бест" компаниясының директоры Чжо Сынг Хенның мамасы бала-шаға асырау қамымен күріш егіп, белшеден су кешіп жүріп соңында ауру жанға айналады. Денсаулығы нашарлап, өздігінен жүріп-тұру мүмкін емес жағдайға жеткен. Араға жылдар салып, үлкен ұлы өз бетінше білімін жетілдіріп, медициналық құрылғылар шығаратын аталмыш компанияға инженер болып орналасады. Мамасының хәліне алаңдаған ұл, оның денесіне жайылған аурудың омыртқа арасындағы ұйыған қаннан пайда болған ауру екенін көз жеткізген соң,  арнайы отбасылық массаж кереуетін ойлап шығарады. Күнделікті пайдалануын қадағалап, күн құрғатпай массаж кереуетіне жатып жүрген мамасының, уақыт өте келе денсаулығы жақсара түседі.  Бұл күнде мамасы ширақ, бау-бақша  егіп, ешкімге масыл болмай жасы тоқсанға келіп отыр. Әлі күнге тірі.
Әлгі лазермен емдеуді де ойлап шығарған осы Нуга Бест компаниясының директоры Чжо Сынг Хен ғой, білсең.
   Нуга Бест бұл күнде бүкіл өңірге тарап үлгерген Америка, Африка, Россия... Бізге, мысалы, Кореядан Ресейге, одан Алматыға, одан Шымкентке, солай-солай жеткен. Қазір барлық өңірде бар. Жалпы, интернеттен қарап көрсең толып жатыр.

- Массаж кереуетін пайдалану неге тегін? Қандай мақсатта тегін қызмет көрсетіп жүрсіздер?

- Массаж кереуеттерін негізінен тегін жарнама десем болады. Мысалы, сен мебель магазинінен зат сатып алдың делік, ол затты тек көзбен көріп, сұлулығына тамсанып аласың. Бірақ, алмай жатып пайдалана алмайсың ғой? Себебі жарамсыз болып қалуы мүмкін. Ал массаж кереуеті бұзылмайды да, ескірмейді де. Бұл құрылғыларды біз сату үшін қойғанбыз. Ал сатып алам деушілер қанша пайдаланып көрем десе де, қанша сынаймын десе де еркі. Біз саған "неге келе бересің, неге сатып алмайсың?" демейміз. Бір апта, бір ай, бес ай, бір жыл пайдалануға тұрақты келіп тұрамын десең де үндемейміз. Ауруына шипа тауып, көз жеткізгеннен кейін сатып алуына болады. "Отбасылық массаж кереуеті" деп аталуыныңда сыры бар, құрылғы атадан балаға мирас болып қала бермек...

- Қандай ауруларға ем? Ауруынан құлан таза айығып кетіп жатқандар бар ма?

- Негізі адам бойындағы аурудың басым бөлігі омыртқаға байланысты. Омыртқаға массаж жасау арқылы  омыртқа, буын аралығындағы сіңірлердің тартылуын кетіріп, ұйыған қанды сұйылтады, иммунитетті көтереді. Ауруынан жазылып кетіп жатқандар баршылық. Егер массаж кереуеті адамдарға көмектесіп жатпаса онда олар келмес еді ғой. Массаж кереуеті дәрісіз емдеу тәсіліне жатады. Бір күн немесе бір аптада ауруымнан айығып кетемін деу қате. Біреу екі айда, енді біреу екі жылда айығады, шыдам керек. Адам емделемін, жазыламын деп ниеттеніп келетін болса Алла шипасын осы массаж кереуеті арқылы да жазып жатады. Біз соған себепші болуымыз мүмкін.


- Түнеугүні бір зағип жанды осында жеткізіп салғанмын. Жағдайы қалай?

- Ол кісінің көзі туа бітті көрмейді. Мұнда келіп жүргеніне төрт айдан асты. Қазір бөлме ішінде отырып терезеден түскен жарықты байқай алады, есік пен терезені ажырататын болған. Мен жүре келе болған зағиптық, жоқ жалпы аурулар ғана емделеді деппін, сөйтсем туа біткен ауруға да көмегіміз тиіп жатқан жайы бар.

- Сіздерге өкімет ақша төлей...

- Иә, өкімет ақша төлейді, пенсионный фонд жүреді, стаж жүреді.

- Құрылғыларыңыздың бағасы қолжетімді ме?

- Ең арзаны мойынға, белге арналған қыздырмалы белдіктер жетпіс бес мыңнан бастау алып, отбасылық массаж кереуеттері екі жүз қырық-екі жүз алпыс мыңға дейін барады.

- Құрылғыларыңыздың түр-түрі бар көрінеді ғой?

- Иә, барлық отбасыға арналған массаж кереуетінен бастап, көпфункционалды термоқұрылғы, ұйықтауға арналған керамикалық жастықша, табанға арналған массаж құрылғысы, қыздырмалы белдік, мойын омыртқасына арналған құрылғы, т,б., (қазақшаға аударылды - ред.) Құлағыңда проблемаң бар көрінеді. Сенің мойын омыртқаңда тұз жиналған. Сол жиналған тұз бас ауруы, ми, құлақ, көз, мұрын ауруларының пайда болуына әсер етеді, қанның жеткілікті мөлшерде жетуіне кедергі келтіреді. Бізде арнайы тұздың сыртқа шығуына ықпал ететін құрылғы бар. Бізден ем қабылдап көруге тырыс.

- Тегін массажға менің де келгім келгені рас. Естуімше, массаж кереуетін бір рет пайдаланған адам оған тәуелді болып қалатын көрінеді. Қаншалықты рас?

- О_о  Тәуелді болу норкомандарға ғана тән. Олар зомби секілді, дірілдеп, бірнарсе жетпей тұрғандай күйге енеді. Сенен бірінші рет естіп тұрмын. Бізде тәуелді болу деген жоқ. Адамдар келеді, екі апта массаж кереуетіне жатып ем қабылдайды да, біраз демаламын деп кетіп, келмей кетеді. Тағы біреулер екі ай бойына келіп-кетіп жүріп жоқ болып кетеді. Тәуелді болып қалса неге олар үнемі келе бермейді? Мұның бәрі бос сөз.

- Массаж кереуетін пайдаланып көрсем?

- Қуана-қуана.

Видео сапасы үшін кешірім сұраймын, ал дауысы түсіру барысында құртылып қалды, сондықтан... )) Айтпақшы, видео соңында мұқият қарасаңыз, құрылғының қалай жұмыс істеп жатқанын байқайсыз, тек күле көрмеңіз =))



Мұнда кезекке жазылу арқылы күніне 60 шақты адам келіп, ем қабылдайтын көрінеді. Нәтижесін білгім келді.


Әкім ата, 75 жаста:
- Дәрігерлер таба алмаған емді осы жерден тауып жүрмін, ширақпын. Бір жаманы давлением (қан қысымы) жоқ еді, сол көтеріліп жүр.


Сейден ата, 64 жаста:
- Шаршау, әлсіздік білінетін, қазір өзімді сергек сезінемін. Бірақ, мұнда келіп жүргеніме көп бола қойған жоқ, сондықтан айтарлықтай нәтижені байқамадым.
(есімдері өзгертіліп алынды)


Нейля апай, 56 жаста:
- Мұнда келіп жүргеніме алты ай болды. Белім мен ішім жиі ауыратын, осында келгелі денсаулығым қалпына келіп, ауруларым мазалауын қойды.


Сәуле апа, 62 жаста:
- Мен тіпті өздігімнен жүре де алмай қалғанмын. Аяқ, буын ауруларынан осында келіп арылып, қазір көріп тұрғаныңдай өзім жүремін. Ем қабылдап жүргеніме алты айға жетіп қалды.


Роза апай, 53 жаста:
- Ішкі құрылысым, әсіресе асқазаным жиі мазаны алатын. Қазір, Құдайға шүкір, біршама тәуірмін. Бұл жерді мақтаудан басқа айтарым жоқ.

   Мұнда ем қабылдау үшін жастар да, оның ішінде мектеп оқушылары да жиі келеді. Бірақ, олар суретке түсуден де, сұқбат беруден де бас тартты.
 
- Әңгімеңізге көп рахмет. Баршаңызға саулық тілеймін!
- Рахмет. Келіп тұр.

                                                                                                                                 Сұқбаттасқан Көркем Аблаева

Пы/сы: видео өңдеуге көмектескені үшін Ербол Әлиасқарұлына алғысымды білдіремін!

Комментариев нет :

Отправить комментарий