27.10.2013

Өмір кеседегі кофе секілді


Бір профессордың үйіне кезінде сабақ берген өзінің шәкірттері келеді. Өткен күнді еске алып, әрқайсысы өздерінің жұмыстары, отбасылары жайлы біраз әңгіменің басын қайырып, бұл өмірге наразылығын, ештеңе жетпейтінін, бітпейтін проблемалар жайлы сөз қозғайды.
Шәкірттерінің сөздерінің аңысын аңдыған профессор алдарына хрусталь, шыны, пластмасса кеселерді қойып, кофе құйып: «Ішіп отырыңдар», – дейді. Шәкірттерінің барлығы қымбат хрусталь ыдысқа таласып, арзан ыдысты алғысы келмейді.

Сонда профессор оларға былай дейді: «Байқадыңдар ма? Барлығың қымбат ыдысты алып, арзанын қалдырдыңдар. Бұл бір жағынан қымбат болып көрінгенімен, сендердің өмірге деген наразылықтарың да осында жатыр. Қымбат кесе кофенің дәмін кіргізбейді, сендер оның сыртына ғана қарап, ішінде не барын естен шығарып алдыңдар. Шындығында сендерге керегі – кофе болатын, бірақ сендер кесені таңдадыңдар. Одан соң: «Кім қандай кесе алды?», – дегендей бір-бірлеріңе сын көзбен қарадындар.
Енді осыдан қорытынды шығарып көрелік: Өмір дегеніміз – кофе, ал мансап, ақша, жұмыс, бұлар – кесе. Олардың барлығы өмірді сақтауға, оны қамтуға арналған құрал-саймандар. Бірақ та өмірдің өзіне емес, оның сыртқы жағына ғана мән берсек, ішкі дәмін, рахатын сезіне алмай қаламыз. Кофенің тәттілігі кеседе емес. Ең бақытты адамдардың қолында ең қымбат нәрсе жоқ болуы мүмкін, бірақ қарапайым қанағат болады…
Өмірлеріне наразылық айтып, күрсініп отырған шәкірттер ұстаздың осы мысалынан кейін терең ойда қалыпты.

"Ислам және Өркениет" сайтынан алынды.

Комментариев нет :

Отправить комментарий